You are currently viewing Газ мамандары зайсандықтарды жылусыз қалдырмады

Газ мамандары зайсандықтарды жылусыз қалдырмады

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласындағы 50-ге жуық үй қатты аязда жылусыз қала жаздады. Дегенмен «QazaqGaz Aimaq» АҚ қарасты газ саласы қызметкерлерінің жедел іс-қимылының арқасында тұрғындар қайта көгілдір отынға қосылды.
Мәселенің мән-жайына тоқталсақ, аталған елдімекенде 26 ақпанға қараған түні шанағы көтеріліп кеткен жүк көлігі газ құбырын соқты. Салдарында құбыр толық жүйеден ажырап, тоғыз бірлік тіреуге зақым келді. Оқиға орнына шұғыл жеткен апат бригадасы газдың сыртқа тарауын тоқтатып, жөндеу-қалпына келтіру жұмысына кірісті. Нәтижесінде түн ішінде дүрліккен зайсандықтардың шаңырағына бірнеше сағатта жылу мен береке оралды.
Компания өкілдері газ құбыры өтетін жерлерде қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау керектігін ескертеді.