«QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы жылыту маусымын сәтті аяқтады. Тұтынушыларды газбен қамтамасыз ету тұрақты тәртіпте жүзеге асырылды.
Жеке тұлғалар арасындағы тұтынушылар саны 246 796, заңды тұлғалар — 7 569. Өткен жылмен салыстырғанда жеке тұлғалар саны 5 335-ке, заңды тұлғалар саны 270-ке артты.
Газ шығындарын азайту, сондай-ақ газ құбырларындағы апаттардың алдын алу мақсатында «Пергам» жылжымалы зертханасын пайдалана отырып, тексеру кестесі әзірленді. Тексерілуге жататын газ құбырларының жалпы ұзындығы 737 шақырымды құрайды.
Бүгінгі таңда Байзақ газ шаруашылығының 103 шақырым тарату газ құбыры тексерілді. Нәтижесінде 2 газ шығу дерегі анықталып, уақытылы жойылды.
Жамбыл газ шаруашылығының тарату желілерін тексеру басталды. Қызылқайнар ауылындағы орта қысымды жерасты газ құбырында анықталған ақаулар жедел түрде жойылып, Жамбыл ауданы тұтынушыларына газ беру қайта қалпына келтірілді.
Заманауи жабдықтарды қолдану ықтимал қауіпті учаскелерді дер кезінде анықтауға және апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жергілікті атқарушы органдармен және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдерімен бірлесіп, халық арасында тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, рейдтер ұйымдастырылып, жадынамалар таратылып, бейнематериалдар көрсетілді. Өткен жылыту маусымымен салыстырғанда жазатайым оқиғалар саны 50%-ға азайды.
Апаттық-диспетчерлік қызметтің жұмысына ерекше назар аударылды. Жылыту кезеңінде қызметке тұтынушылардан 1 974 өтінім келіп түсті. Барлық өтінім жедел түрде қаралып, белгіленген мерзімде орындалды. Бұл өз кезегінде газдың үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізілуін қамтамасыз етті.
2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы сәуірге дейінгі жылыту маусымында Жамбыл облысының 11 елдімекеніне газ берілді. Атап айтқанда: Майтөбе, Қожағаппар (Талас ауданы), Тоғызтарау, Сеңгірбай, Жаңаөткел, Құмсуат (Жамбыл ауданы), Қарабастау, Жылыбұлақ, Дарбаза, Әбдіқадыр (Жуалы ауданы), Керу ауылдары (Қордай ауданы). Нәтижесінде жаңадан 920 тұтынушы көгілдір отын игілігіне қолжетімділікке ие болды.