You are currently viewing Астана мен агломерацияда жылыту маусымы тұрақты өтті

Астана мен агломерацияда жылыту маусымы тұрақты өтті

Астана қаласы мен оған іргелес елді мекендерде 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы тұрақты әрі үзіліссіз аяқталды. Бұл – газ саласы мамандарының жүйелі жұмысы мен инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту нәтижесінде қол жеткізілген маңызды көрсеткіш. Газ желілерін жаңғырту мен кеңейту жылумен қамтудың сенімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етті.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ қысқы кезеңде елорда және оған жақын аумақтарда үздіксіз газбен жабдықтауды толық қамтамасыз етті. Жылыту маусымының тұрақты өтуі газ жүйелерінің өткізу қабілетін арттыруға және технологиялық тұрақтылығын күшейтуге бағытталған кешенді шаралардың нәтижесі болды.

Компанияның мәліметінше, Астана өндірістік филиалының теңгерімінде жалпы ұзындығы 2 278 шақырым газ тарату желісі бар. Оның 807 шақырымы – елорда аумағында, ал 1 471 шақырымы – Ақмола облысында орналасқан. Сондай-ақ, 54 газ реттеу пункті, 263 шкафтық газ реттеу пункті және 1 160 жеке шкафтық пункт жұмыс істейді. Бүгінде жүйеге 21 844 абонент қосылған.

Соңғы жылдары газ инфрақұрылымын жаңғырту қарқыны айтарлықтай күшейді. 2025–2026 жылдары 980 шақырым газ құбыры іске қосылып, 4 газ реттеу пункті, 104 шкафтық газ реттеу пункті және 277 жеке шкафтық пункт пайдалануға берілді. Бұл жүйенің өткізу мүмкіндігін арттырып, қыс мезгіліндегі ең жоғары жүктемелер кезінде де тұрақты газ жеткізуге мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда Астанада «Көктал-1», «Көктал-2», «Агрогородок», «Интернациональный», «Мичурино», «Күйгенжар», «Теміржол», «Өнеркәсіп», «Оңтүстік-Шығыс», Потанин көшесі маңы, «Үркер» (ішінара), «Family Village», «Тельман», «Кірпішті» және «Шұбар» тұрғын алаптары табиғи газға қосылған. Сонымен қатар, газ ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, сондай-ақ «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ жылу станцияларында пайдаланылып, қаланың жылумен жабдықтау тұрақтылығын қамтамасыз етуде.

Газдандырылған аумақ тұрғындары да оң өзгерістерді атап өтуде.

«Көмірге алдында айына 30 мың кететін. Ауылымызға газ келеді дегенде қуанып жүрдік. Желтоқсанда 2026 жылы қосу керек еді, «QAZAQGAZ AIMAQ» ерте қосты. 1 жыл ерте қосты» – дейді Ақмола облысының түрғыны Айдос Ипов.

Іргелес аумақтарды газдандыру жұмыстары да жылыту маусымының сенімді өтуіне айтарлықтай үлес қосты. 2024–2025 жылдары 9 елді мекен газдандырылса, 2025–2026 жылдары Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Қоянды және Қараөткел ауылдары мен тұрғын алаптарында жобалар жүзеге асырылды. Бұл тұрғындардың экологиялық таза отын түріне көшуіне мүмкіндік беріп, баламалы жылу көздеріне түсетін жүктемені азайтты.

Қосшы қаласында да газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі уақытта бірінші іске қосу кешені пайдалануға беріліп, 7 800 абонент табиғи газға қол жеткізді. Ал 2026 жылы жүйені одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Бұл қосымша 10 мыңнан астам тұтынушыны қамтуға мүмкіндік береді.

Астана өндірістік филиалының директоры Ержан Балабековтың айтуынша, жылыту маусымының тұрақты өтуі – компания жұмысының басты басымдығы.

«Инфрақұрылымды дамыту және желілердің қуатын арттыру бойынша жүргізілген жұмыстар ең жоғары жүктемелер кезінде де газдың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етті», – деді ол.

Жалпы, жүзеге асырылған жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін күшейтті. Сонымен қатар, экологиялық жүктеме төмендеп, өңірдің тұрақты дамуына берік негіз қаланды.

Осылайша, өткен жылыту маусымының нәтижелері Астана мен агломерацияларда газ инфрақұрылымының жоғары жүктемелерге дайын екенін және жүргізіліп жатқан газдандыру жобаларының тиімділігін айқын көрсетті.