You are currently viewing МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ БІРДЕН ҮШ ЕЛДІ МЕКЕНДІ ГАЗДАНДЫРУҒА ОНЛАЙН-СТАРТ БЕРДІ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ БІРДЕН ҮШ ЕЛДІ МЕКЕНДІ ГАЗДАНДЫРУҒА ОНЛАЙН-СТАРТ БЕРДІ

Бүгін Түркістан облысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жолындағы маңызды қадам жасалды. 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы шеңберінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары «QazaqGaz» ҰК» АҚ басшылығымен бірлесіп, Астанадағы Бірыңғай диспетчерлік орталықтан  бірден үш елді мекенді: Ақтөбе ауылын, Күрішті ауылын және Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Мақталы ауылын газға қосуға онлайн-старт берді.

Бұл елді мекендерді газдандыру – 1300 жергілікті тұрғынға отынның экологиялық таза түріне қол жеткізуге мүмкіндік берді, олардың тұрмыстағы жайлылығын едәуір арттырады және ауыл шаруашылығын, оның ішінде өңірдегі аграрлық сектор мен шағын бизнесті одан әрі дамытуға жағдай жасайды.

«Елді газбен қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Мемлекет басшысы осы бағытта өңірлерді газдандыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ, бүгінгі күні біз газды үнемді тұтыну туралы заң жобасына бастамашылық жасадық. Құжатпен жұмыс істеліп, қажетті түзетулер енгізілуде. Осы және басқа да мәселелер бойынша Комитеттің көшпелі отырысын өткіздік. QazaqGaz ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де Қазақстанға пайда әкелетін орасан зор жұмыс жүргізуде. Компания бұдан әрі де барлық бағыттар бойынша жұмыс жүргізуі тиіс», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.

 «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының ұжымы күн сайын 278 мың тұтынушыға табиғи газдың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететінін айта кеткен жөн. Бұл ретте, филиал өңірдегі газбен жабдықтаудың сенімділігі мен қауіпсіздігіне кепілдік бере отырып, жоғары, орта және төмен қысымды 14 мың шақырымға жуық газ құбырларын пайдалануды және оларға қызмет көрсетуді жүзеге асырады.