You are currently viewing WGC 2025: «QazaqGaz Aimaq» АҚ цифрландырудың озық тәжірибелерін меңгеруде

WGC 2025: «QazaqGaz Aimaq» АҚ цифрландырудың озық тәжірибелерін меңгеруде

Қазақстан Республикасы Үкіметінің газды цифрлық есептеуге толықтай көшіру жөніндегі тапсырмасы аясында «QazaqGaz Aimaq» АҚ ең үздік деген халықаралық инновацияларды зерделеп, оны белсенді түрде ендіруді қолға алуда. Бұл бағытта 22- 24 мамыр аралығында Қытайдың  Бейжің қаласында өткен  Дүниежүзілік газ конгресіне (The world Gas Conference, WGC 2025) компания делегациясының қатысуы маңызды қадамдардың бірі болды.

WGC 2025 ауқымды халықаралық шара газ секторының сала көшбасшыларының, жетекші сарапшылар мен ғылыми қоғамдастық өкілдерінің басын біріктірді. Конференция барысында қазақстандық делегация заманауи технологияларды ендіру мәселелері бойынша Қытайдың алдыңғы қатарлы газ саласы компанияларының өкілдерімен кездесулер өткізді. «Бізге аспан асты елінің ауқымды цифрлық мәліметтермен жұмыс істеу мен тәуекелдерді бақылауға қатысты тәжірибелері аса маңызды, себебі компаниямыз да осы бағытта дамуда» – деп атап өтті «QazaqGaz Aimaq» Бауыржан Асқаров. Делегация мүшелері Қытайдың газ саласын цифрландыру үрдісі мен бүгінгі цифрлық дамудың негізгі өзегі болып отырған жасанды интеллект технологияларын қолданудағы смарт-инфрақұрылымдық шешімдерін ендіру тәжірибелеріне ден қойды. 

Сапар аясында «Beijing Gas Group» компаниясының Бас директоры Сюй Тунмен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Делегация ол компанияның газды есепке алу мен желілерді басқару ісін зерделеп көрді. Әсіресе 4,5 млн тұтынушыға қызмет көрсетіп отырған Smart-GEQ интеллектуалдық есептегіштерін ендіру тәжірибесі аса қызуғушылық тудырды.

Сонымен қатар жұмыс тобы телеметрия мен ЖИ саласындағы қытайдың бірқатар ENN сияқты озық компаниялардың жаңа ноу-хау жетістіктермен танысты. Кең көлемді мәліметтер базасын болжау мен оның тәуекелділігін басқару технологияларына барынша көңіл бөлінді.  

Сондай-ақ, 2,7 млн тұтынушысы бар «Guanjou Gas» компаниясының озық жетістіктері де қарастырылды. Делегация олардың газ шаруашылығын цифрлық басқару модельі мен технологиялық жетістіктерін жан-жақты зерделеді.

 «QazaqGaz Aimaq» АҚ қытай әріптестердің үздік тәжірибелерін ескере отырып, өзіндік цифрлық жобаларын белсенді ендіруде. Жуық арада компания шынайы деректер негізінде нақты стартегиялық және басқарушылық шешімдер жасауға мүмкіндік беретін ЖИ-платформаларды ендіруді жоспарлап отыр.

Газ саласын цифрландырудың қоғамға әкелер пайдасы зор. Тұтынушылар үшін ол ­– жоғары қауіпсіздік, алаяқтықтан сақтандыру және нақты пайдаланған көгілдір отын үшін ғана ақы төлеу мен шығындарды  нақты уақыт белдігінде қадағалай алу мүмкіндігі. Ал, мемлекетке пайдасы ­– газды тиімді пайдалану, инвестицияның артуы, технологиялардың дамуы мен есепке алудағы ашықтылық. Жалпы газ саласы үшін де ресурстарды үнемдеуге, желілерді дәлдікпен басқаруға, тәуекелдерді азайтуға және ESG- көрсеткіштердің артуына жол ашылмақ.

Ендеше, WGC 2025 конгресіне қатысу «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның цифрландыру жөніндегі мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамы болды. Компания елдің газ инфрақұрылымын тұрақты дамытып, заман талабына сай көш алдында жүретін, озық технологиялы газ таратушы ұйым болуды мақсат тұтады.