Биыл Жетісу облысының құрылғанына 3 жыл толуда. Кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі энергетика көздеріне тікелей байланысты. Облыс мәртебесі берілгеннен кейін өңірдің табиғи көгілдір отынмен ауқымды қамтамасыз етілуі жаңа аймақтың тынысын кеңінен ашты.
Облыс құрылғанға дейін Жетісу өңірінде небары тек 5 елдімекен газдандырылған болса, дәл қазіргі күні оның саны 84-ке жетті. Алматы облысымен шектесіп жатқан облысты көгілдір отынмен 1 262 шақырымды құрайтын газ құбыры арқылы «QazaqGazAimaq» АҚ-ың Жетісу өндірістік филиалы қамтамасыз етіп отыр. Абонент саны 101,8 мыңға жетіп үлгерді.
Бір Талдықорған қаласының өзінде газ өткізу қуаты сағатына 200 мың текше метрді құрайды, бұл — ауқымды көрсеткіш. Жалпы облыс орталығын газдандыру IV кезеңге жоспарланған. Шаһардағы сегіз саяжай алабын қосқанда газбен қамтылу деңгейі қазірдің өзінде 90,3% -ға жетті. Бұл – қала әлеуеті мен тұрғындар өмірінің сапасын арттыруға жасалған тағы бір игі қадам.
2024 жылдың тамыз айында құрылысы басталған «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры да маңызды инфрақұрылымдық жобаның бірі де бірегейі. Нысан 2025 жылдың күзінде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жобаны іске асырудың нәтижесінде 124 мың тұрғыны бар Алакөл, Ақсу, Сарқан аудандарының 66 елдімекені газбен қамтамасыз етілмекші. Сонымен қатар 18 мың халық тұратын Ескелді, Сарқан, Алакөл ауданындағы 18 елдімекенді де қосымша газдандыру жоспарлануда.
Жалпы аймақты газдандыру деңгейі осы күні 58,2 %. «Жетісу облысын 2030 ж дейін кешенді газдандыру» аймақтық жобасына сәйкес, 2028 жылға қарай барлығы 356 елдімекеннің 192-сі табиғи газға қосылуы тиіс. Биыл, яғни 2025 жылдың аяғына дейін Кербұлақ ауданының 25, Панфилов ауданының 12 елдімекені газбен қамтылмақшы. Жиыны 84 елдімекенге көгілдір отын жеткізу жұмыстарының сәтті аяқталуы нәтижесінде облысқа газ беру 71,4%-ға жетіп, 126 елдімекен жайлы тұрмысқа қол жеткізеді деген сөз.
Газдандыру қарқыны жалғасын табатын болса, алдағы үш жылда өңірдің 624 мыңнан астам тұрғыны ¬ 91 пайыз тұтынушы табиғи газ игілігін көретін болады.
Қорыта айтсақ, Жетісу облысын кең ауқымда газбан қамту – бұл тек әлеуметтік жоба ғана емес, көміртек зиянын азайту мен қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тұрақты дамудың жаһандық трендіне сәйкес стратегиялық бастама.