Жетісу облысының орталығындағы «Жастар-3» тұрғын үй алабына қала күні қарсаңында табиғи газ қосылды.
Жоба аясында 25 шақырымға жуық газ тарату желісі салынып, 7 газ реттегіш қосын орнатылды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жетісу өндірістік филиалы мен жергілікті әкімдіктің және мердігер тараптың бірлескен іс-әрекетінің нәтижесінде көгілдір отынға 789 үй мен 5 әлеуметтік нысанның қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылды. Соңғылардың қатарында мектеп пен медициналық мекеме және балабақшалар бар.

«Шүкір, міне биыл көктемде жаңа баспанаға қоныстанып, енді газға да қол жеткізіп жатырмыз. Бұл біздің үлкен отбасы үшін үлкен қуаныш. Шығынымыз азайып, қолымыз ұзарып, шаңырағымыз жылуға толатын болды», — деп қуанышын білдірді 7 баланың анасы Жұмагүл Өксікбаева.
Жалпы бүгінгі таңда Талдықорған қаласы халқының 99%-ына, барлығы 54,4 мың абонентке газ қуаты жеткізілсе, олардың ішінде 38 641-і немесе 73 пайызы экологиялық таза әрі қауіпсіз отын түрінің игілігін көріп үлгерді.