Өткен түні Өзбекәлі Жәнібек көшесімен Р. Қошқарбаев даңғылының қиылысында
«QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның 1 898 абонентін газбен қамтамасыз ететін орта қысымды газ құбыры зақымданды.
Оқиғаға газ қызметімен алдын ала келісімсіз және хабарламай жүргізілген жеке құрылыс ұйымының рұқсатсыз жер қазу жұмыстары себеп болды. Көлденең бұрғылау аппаратының жұмысы кезінде орта қысымды газ құбыры қатты зақымданған, нәтижесінде апаттық жағдай орын алып, тұтынушылар уақытша газсыз қалды.
Апаттық-диспетчерлік қызметке хабар түскен сәттен бастап оқиға орнына
«QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның үш апаттық бригадасы жедел жетті. Қалалық өндірістік филиалдың газ желілерін пайдалану және жөндеу жөніндегі екі қосымша бригадасы да жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта мамандар тәулік бойы жұмыс жүргізіп, түсте газ беруді қалпына келтіруді көздеп отыр.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ газ коммуникациялары маңында жүргізілетін кез келген жер қазу жұмыстары міндетті түрде газ қызметінің мамандарымен алдын ала келісіліп атқарылуы тиіс екенін ескертеді. Бұл талаптардың бұзылуы апаттарға, газ берудің үзілуіне және адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.
Қосымша сұрақтар бойынша «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалына немесе 5-104 нөміріне хабарласуға болады.
Анықтама үшін: 2025 жылғы 8 қазан таңындағы жағдай бойынша «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының деректері бойынша, елордада 10 947 абонент тіркелген, олардың сағаттық газ тұтыну көлемі 65 896 м³ құрайды.