Қызылорда қаласының қасындағы Сабалақ елдімекенінде жеткізуші газ құбыры мен орамішілік газ тарату желілерін салу жұмысы толық аяқталды. Ауқымды инфрақұрылымдық жоба «Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі» ММ тапсырысы бойынша жүзеге асырылып, табысты түрде пайдалануға берілді.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 80 шақырымнан асатын заманауи тармақталған газ инфрақұрылымы құрылды. Жеткізуші газ құбырының ұзындығы 7,814 шақырымды құрайды. Бірінші кезеңде 28,395 шақырым орамішілік желі салынып, екі шкафтық газ реттеу пункті орнатылды. Екінші кезеңде қосымша 44,417 шақырым желі тартылып, тағы үш шкафтық газ реттеу пункті бой көтерді. Осылайша жаңа газ жүйесі табиғи газды сенімді таратуға мүмкіндік береді және қолданыстағы қауіпсіздік талаптары мен техникалық стандарттарға толық сәйкес келеді.

1694 тұрғын үйдің тұрғындары табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жеке секторды біртіндеп экологиялық таза әрі үнемді қуат көзіне көшіруге жағдай жасайды.
«Сабалақ елдімекенін газдандыру жұмыстарының аяқталуы – өңірдің газ тарату желісін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың маңызды нәтижесі. Тұрғындар үшін бұл ең алдымен жайлылық, қауіпсіздік және экологиялық ахуалдың жақсаруы. Тұтынушылардан сұрайтынымыз, қауіпсіздікті есте сақтаңыздар және техникалық қызмет көрсетуге шарт жасауды ұмытпаңыздар», – деп атап өтті компания өкілдері.
Айта кету керек, жобаның жүзеге асырылуы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған игі қадам болып саналады.
АНЫҚТАМА:
Бүгінгі таңда «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қызылорда өндірістік филиалында өңірдің газ тарату инфрақұрылымын үздіксіз әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін 257 қызметкер еңбек етеді. Филиалдың пайдалануындағы газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 4 195,871 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1 982,863 шақырымы сенімгерлік басқаруға қабылданып, 908,593 шақырымы жергілікті атқарушы органдардың теңгерімінде болса, ал 2 213,008 шақырымы филиалдың теңгерімінде.
Сонымен қатар қызмет көрсету аясында 81 газ реттеу пункті және 7 046 шкафтық газ реттеу пункті бар. Жалпы филиалдың жауапкершілік аймағында 161 784 абонент табиғи газбен қамтылған. Оның ішінде 161 784-і – халық топтарындағы абоненттер, сондай-ақ 736 өнеркәсіптік және 3 677 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын бар. Бұл филиал қызметінің өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі және халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы жоғары әлеуметтік әрі экономикалық орнын көрсетеді.