БҚО Бәйтерек ауданы Круглоозерное ауылында «Камаз» маркалы жүк көлігі жоғары қысымдағы газ құбырын соқты. Салдарынан жеке сектордағы 1450 үй мен 29 коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік кәсіпорынды газбен жабдықтау уақытша тоқтатылды.
Қазіргі уақытта оқиға орнында «QazaqGaz Aimaq» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалының мамандары жұмыс істеуде. 27 ақпанға қараған түн уақытында орын алған оқыс оқиғада көлік жүргізушісінің ағат қимылы қыстың көзі қырауда көптеген тұрғындар мен ұйымдарды жылусыз қалдырды. Дегенмен газ шаруашылығы өкілдерінің кәсіби іс-қимылының арқасында көгілдір отынмен қамтамасыз ету дереу қалпына келтірілмек. Зардап шеккен аумаққа Орал қаласынан газ желілерін жөндеуге қатысты қосымша бригада аттанып, апат салдарын жоюға 2 техника бірлігі мен 11 қызметкер жұмылдырылды.
Естеріңізге сала кетсек, газ инфрақұрылымы маңындағы кез-келген жұмыс пен ірі көлемді техниканың қозғалысы қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып және газ құбырының күзетілетін аймақ екенін ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс. Бұл қағиданы сақтау төтенше жағдайлардың алдын алуға және халықты үздіксіз газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.