You are currently viewing Алматыда көлік жүргізушісі шамамен 150 метр газ құбырын зақымдады

Алматыда көлік жүргізушісі шамамен 150 метр газ құбырын зақымдады

10 наурыз күні Алматы қаласының Түрксіб ауданында Mercedes-Benz жүк көлігінің жүргізушісі орта және төмен қысымды жерүсті газ құбырын соқты.

Соққы салдарынан газ құбырының аркалы өткелі қирады: темір тіректер жұлынып, құбырдың бір бөлігі жерге опырылып түсті.

Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 150 метр газ құбыры зақымданды. Сондай-ақ бірқатар тіректер мен газ инфрақұрылымының бөліктері зардап шекті.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының апаттық-диспетчерлік қызметінің мамандары оқиға орнына жедел жетті. Қауіпсіздік мақсатында зақымданған телімде газ беру дереу тоқтатылып, тығын орнатылды.

Қазіргі уақытта бір 9 қабатты тұрғын үйдің қазандығы уақытша газбен жабдықтаусыз қалып отыр. Сондай-ақ апаттық-қалпына келтіру жұмыстары кезеңінде 48 жеке тұрғын үйге газ беру шектелді.

Қазір мамандар қалпына келтіру жұмысын жүргізуде. Оқиға орнында жол полициясының қызметкерлері жұмыс істеп, болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталуда.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ газ инфрақұрылымы нысандарының маңында жол қозғалысы ережесін бұзу және басқа да қателіктер тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салады.