You are currently viewing Жамбылда 7 ерекше бала алғашқы қадамын жасады

Жамбылда 7 ерекше бала алғашқы қадамын жасады

Тараз қаласында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен ашылған «Қамқорлық» оңалту орталығында «Тұсаукесер» республикалық акциясы аясында ерекше әсерлі әрі маңызды шара өтті. Орталықта оңалтудан өткен ерекше бүлдіршіндер алғашқы қадамын жасады.

Бұл қуанышты сәт балалардың ата-аналары мен мамандар үшін үлкен жетістікке айналды. Ұзақ уақыт ем қабылдап, жүйелі оңалту шараларынан өткен бүлдіршіндердің алғашқы қадамы – тек медициналық емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан да маңызды нәтиже.

Салтанатты рәсім барысында балалардың тұсауын «Самұрық-Қазына» АҚ, «Samruk-Kazyna Trust», сондай-ақ «QazaqGaz», «ҚТЖ» және «KEGOC» компанияларының еншілес ұйымдарының басшылары кесті. Олар бүлдіршіндерге ақ жол тілеп, ата-аналарға қолдау сөздерін жеткізді.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Бахтияр Көпбосынов өз сөзінде:

«Бүгінгі шара – тек балалар үшін емес, бүкіл қоғам үшін маңызды оқиға. Әрбір баланың алғашқы қадамы – үлкен үміттің белгісі. Осындай орталықтардың жұмысы арқылы ерекше балалардың өмір сапасын жақсартуға нақты мүмкіндік беріліп отыр», – деп атап өтті.

Шара соңында «Самұрық-Қазына» қоры атынан барлық балаларға арнайы мерекелік сыйлықтар табысталды. Ал ата-аналар өз кезегінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетіліп жатқан қамқорлық пен қолдау үшін алғыстарын білдірді.