«QazaqGaz Aimaq» АҚ Қостанай өндірістік филиалында облыстық Полиция департаменті қызметкерлерінің қатысуымен алаяқтықтың алдын алу тақырыбында кеңес өтті.
Шара барысында полиция өкілдері телефон байланысы мен интернет желісі арқылы жасалатын алаяқтықтың ең кең таралған түрлері туралы айтып берді. Әсіресе, алаяқтардың өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары немесе мемлекеттік мекеме өкілдері ретінде таныстырып, азаматтардың жеке деректері мен қаражатын иемденуге бағытталған тәсілдеріне ерекше назар аударылды.
Филиал қызметкерлеріне негізгі сақтық шаралары түсіндірілді: бөгде адамдарға банк картасының деректерін, SMS-хабарламалар арқылы келетін растау кодтарын бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз қосымшаларды орнатпау.
Мұндай кездесулер азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға және интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғауға бағытталған.