You are currently viewing ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДӘУЛЕТ АУЫЛЫ ТОЛЫҒЫМЕН ГАЗДАНДЫРЫЛДЫ

ЖЕҢІС КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ДӘУЛЕТ АУЫЛЫ ТОЛЫҒЫМЕН ГАЗДАНДЫРЫЛДЫ

Жеңіс күні қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданындағы Дәулет ауылын газдандыру жұмысы аяқталды. Алматы облысының әкімдігі, Алатау қаласының әкімдігі және «QazaqGaz Aimaq» АҚ бірлескен әрекетінің нәтижесінде Қазақстанда тағы бір ауыл толықтай газдандырылды.

Аталған бастаманың жүзеге асырылуы өңірдің газ-инженерлік инфрақұрылымын дамыту мен ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және экологиялық ахуалды жақсарту бағыттарында маңызды қадам, жүйелі көзқарастың жемісі болды. Нәтижесінде 300 үй табиғи газға қосылу мүмкіндігін иеленді.

Бұл оқиғаның әлеуметтік сипаты да ерекше. Мереке қарсаңында Дәулет ауылында тұратын тыл еңбеккерінің үйі «QazaqGaz Aimaq» АҚ жергілікті ұжымының демеушілігімен газбен қамтамасыз етілді. Ардагердің үйін газға қосу – Жеңіске және соғыстан кейінгі ел дамуына үлес қосқан аға буынға деген алғыс пен құрметтің айқын белгісі.

Айта кету керек, газбен жабдықтау көзі ретінде Алматы облысы Іле ауданындағы автоматтандырылған «Байсерке» газ тарату станциясы пайдаланылды. Станцияның қолданыстағы қуаттылығы жаңа тұтынушыларды тұрақты әрі сенімді газбен қамтуға жол ашады.

Жоба аясында 67,7 шақырым газ құбыры тартылып, бір шкафтық газ реттеу пункті және үш газ реттеу шкафтық пункті орнатылды. Тыңнан пайда болған инфрақұрылым ауыл тұрғындарын табиғи газбен қауіпсіз әрі үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Ауылды газдандыру – бұл ең алдымен халықтың жайлылығы, қауіпсіздігі және өмір сүру сапасының артуы. Әсіресе, Жеңіс күні қарсаңында табиғи газдың тыл еңбеккерінің үйіне де жетуі айрықша мәнге ие. Осындай жобалардың жүзеге асырылуы ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етіп, елдімекендердің одан әрі дамуына жаңа серпін беретіні анық», – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін және барша қазақстандықтарды келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтайды. Компания халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және елімізді сенімді әрі қауіпсіз газбен қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.