You are currently viewing Қостанай облысында Диевка ауылына газ жеткізілді

Қостанай облысында Диевка ауылына газ жеткізілді

Қостанай облысында газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту және халықты табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Бүгінде өңірді газдандыру деңгейі 56%-ды құрайды.

Тиісті шаруаның кезекті кезеңі ретінде Диевка ауылы газдандырылып, бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және елдімекеннің одан әрі өркендеуіне жағдай жасауға мүмкіндік берді.

Жоба Қостанай облысы әкімдігі мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қостанай өндірістік филиалының бірлесуімен, «Самұрық-Қазына» АҚ қаржыландыруы аясында жүзеге асырылды. Іске қосу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен ауыл тұрғындары қатысты.

Жоба аясында ұзындығы 56,3 шақырым болатын газ құбыры, 17,4 шақырым газ тарату желілері салынып, газ реттеу пункттері орнатылды. Нәтижесінде 365 үй табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды.

Газбен жабдықтау көзі ретінде Әулиекөл ауданындағы автоматтандырылған «Әулиекөл» газ тарату станциясы кәдеге жарады. Станция қуаты жаңа тұтынушыларды тұрақты әрі сенімді газбен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Қазіргі таңда «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қостанай өндірістік филиалының пайдалануындағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 3104 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2284,2 шақырымы филиал теңгерімінде болса, 477,8 шақырымы сенімгерлік басқаруға берілген, тағы 342 шақырымы өзге желілерге тиесілі.

Бүгінде филиал жылу маусымына белсенді дайындық жұмысын жүргізуде. Сенімді әрі үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында алдын алу және жөндеу әрекеттері, жабдықтардың техникалық жағдайын тексеру және газ тарату желілерін диагностикалау қолға алынған.

Сонымен қатар, газ жүйесін одан әрі дамыту аясында Лесное, Березовка және Құсмұрын елдімекендерін көгілдір отынға қосу жоспарлануда. Бұл жобаларды іске асыру өңірді газдандыру деңгейін арттырып, халықтың өмір сапасын жақсартуға жол ашады.