You are currently viewing Республика күні қарсаңында Түркістан облысының үш ауылына табиғи газ берілді

Республика күні қарсаңында Түркістан облысының үш ауылына табиғи газ берілді

Республика күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Сарысу, Тасқұдық және Құрысай ауылдарына алғаш рет табиғи газ берілді. Газдандыру жұмыстарының аяқталуы нәтижесінде 276 үй шаруашылығын газ желісіне қосуға мүмкіндік жасалды.

Жоба аясында 50 шақырым газ құбыры тартылып, 3 газ реттеу пункті мен 234 жеке шкафтық газ реттеу пункті орнатылды.

Ауылдарды газбен жабдықтау Сарыағаш ауданында орналасқан «Таскескен» автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы жүзеге асырылады. Станцияның қуаты тұтынушыларды тұрақты әрі үздіксіз газбен қамтамасыз етуге жеткілікті.

«Ауылдарға табиғи газдың берілуі тұрғындардың тұрмысын жеңілдетіп, өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымның дамуы ауылдық жерлерде қолайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыруға ықпал етеді», – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Асқар Шипеков.

Жаңа газ желілерінің іске қосылуы өңірдің газ тарату инфрақұрылымын кеңейтуге және тұрғындардың табиғи газға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жалпы, жыл басынан бері Түркістан облысында 27 елді мекен газдандырылды.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Мемлекет басшысының еліміздегі газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасы аясында ҚР Энергетика министрлігімен, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, газ тарату инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жалғастыруда.