«QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның Астанадағы орталық аппараты мен өндірістік филиалдарынан 18 маман «ISO 9001:2026, ISO 14001:2026, ISO 45001:2018, ISO 50001:2018 және ISO 19011:2026 стандарттарына негізделген интеграцияланған менеджмент жүйесінің менеджері / ішкі аудиторы» бағдарламасы бойынша оқудан өтті.
Оқу 3–6 қараша аралығында онлайн форматта өтті. Бағдарлама барысында ISO 9001:2026 және ISO 14001:2026 стандарттарының жаңа редакцияларына, сондай-ақ ішкі аудитті ұйымдастыру мен жүргізудің заманауи тәсілдеріне ерекше көңіл бөлінді.
2026 жыл – ISO халықаралық стандарттарын жаңартудағы маңызды кезең. Осы өзгерістерге сай компания мамандарының кәсіби біліктілігін одан әрі арттыру қажет.
Алты мыңнан астам адам еңбек ететін «QazaqGaz Aimaq» үшін ішкі аудиторларды даярлаудың маңызы зор. Бұл жұмыс жекелеген қызметкерлердің біліктілігін арттырумен қатар, бүкіл компанияның қызметін жетілдіруге ықпал етеді. Мамандар алған білімі мен практикалық дағдыларын ішкі аудиттің сапасын арттыруға, халықаралық стандарттар талаптарын өндірістік және басқару процестерінде жүйелі түрде қолдануға және жұмысты ұдайы жақсарту мәдениетін дамытуға пайдаланады.
Қызметкерлердің кәсіби біліміне инвестиция салу арқылы «QazaqGaz Aimaq» өз қызметінің тиімділігін арттыруды, басқарушылық шешімдердің сапасын жақсартуды және компанияның тұрақты дамуын көздейді.