You are currently viewing Алматы облысында тағы бір ауыл газға қосылды

Алматы облысында тағы бір ауыл газға қосылды

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Әли ауылын газға қосу аяқталды. Алматы облысы әкімдігі, «СпецСтройБренд» ЖШС жеке инвесторы және «QazaqGaz Aimaq» АҚ бірлескен жұмысының нәтижесінде еліміздегі тағы бір ауыл табиғи газбен толық қамтамасыз етілді.

Бұл қадам өңірдің инженерлік инфрақұрылымын дамытудағы және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырудағы маңызды қадам болып отыр. Нәтижесінде 300 тұрғын үй иелері табиғи газға қосылу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Газ тарату желілерін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмысы «СпецСтройБренд» ЖШС өз қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жоба тұрғындарды газбен жабдықтау жүйесіне жеңілдетілген шарттармен қосуды көздейтін меморандум аясында іске асырылды.

Газбен жабдықтау көзі ретінде Алматы облысы Іле ауданындағы автоматтандырылған «Байсерке» газ тарату станциясы пайдаланылды. Станцияның қолданыстағы қуаты жаңа тұтынушыларды табиғи газбен тұрақты әрі сенімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Елдімекендерді газдандыру – бұл ең алдымен тұрғындардың жайлы өмір сүруіне, қауіпсіздігіне және өмір сапасының артуына бағытталған жұмыс. Мұндай жобаларды жүзеге асыру өңірдің инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, экологиялық жағдайды жақсартуға және ауылдық аумақтардың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді», – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев.

Әли ауылын газдандыру – Алматы облысының газ инфрақұрылымын дамыту, экологиялық ахуалды жақсарту және өңірдің орнықты дамуына қажетті заманауи жағдайды қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың кезекті кезеңі.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ алдағы уақытта да халықтың табиғи газға қолжетімділігін кеңейтуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және сенімді әрі қауіпсіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастырады.