You are currently viewing Ақмола облысында Қараөткел және Қаражар ауылдары газға қосылды

Ақмола облысында Қараөткел және Қаражар ауылдары газға қосылды

Ақмола облысы Целиноград ауданында Қаражар және Қараөткел ауылдарын газбен қамту жұмыстары жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталып, газ беру жүйесі іске қосылды. Бастапқы жоспар бойынша 2028 жылға дейін жалғасуы тиіс болған құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Инфрақұрылымның мерзімінен бұрын пайдалануға берілуінің арқасында елорда маңындағы 24 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді.

Жоба аясында шамамен 240 шақырым жаңа газ желісі тартылды. Қаражар Целиноград ауданында табиғи газбен толық қамтылған жетінші, ал Қараөткел сегізінші елді мекен болды. Екі нысанды бір мезгілде іске қосуға олардың бірыңғай магистральдық желі бойында орналасуы мүмкіндік берді.

Салтанатты іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган мен «QazaqGaz Aimaq» АҚ өкілдері қатысты.

«Бүгін біз үшін маңызды әрі көптен күткен күн. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елорда маңындағы елді мекендерді дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірін жасап, газбен жабдықтау жүйесін толық іске қосып отырмыз. Газдандыру – бұл тек коммуналдық мәселе емес. Бұл – экологиялық ахуалды жақсарту, отынға жұмсалатын шығындарды азайту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру», – деді облыс әкімі.

Қаражар ауылында 53 шақырымға жуық газ желісі тартылып, бес мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Ал Қараөткелде жаңа газ желілерінің ұзындығы 185 шақырымды құрады. Ауылда 4 мыңнан астам отбасы тұрады, бүгінде 1,5 мыңға жуық абонент газбен жабдықтау жүйесіне қосылған. Елді мекенді газдандыру бес іске қосу кешені бойынша кезең-кезеңімен жүргізілді. Оның алғашқы екеуі өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға берілсе, қалған үш кешен биыл толық аяқталды.

Сапар аясында Марат Ахметжанов Қаражар ауылындағы Нұрхановтар отбасына арнайы барып, олардың үйіне табиғи газдың қосылуына куә болды. Үй иелерімен бірге газ плитасын алғаш рет жағып, ауыл тұрғындары үшін маңызды сәтті бөлісті.

«Бұрын қыс мезгілі біз үшін көмір дайындау, күл шығару және пешті үнемі бақылаумен байланысты болатын. Енді үйіміз жылы, таза әрі қауіпсіз. Біздің отбасымыз үшін бұл – мүлде жаңа жайлылық деңгейі әрі күнделікті тұрмысты айтарлықтай жеңілдететін үлкен мүмкіндік», – деді Нұрхановтар отбасы.

Целиноград ауданының тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Биыл Қызылсуат ауылында тиісті жоба жүзеге асырылып жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 3 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.

Сонымен қатар Ақмол, Қабанбай батыр, Өтеміс, Қызылжар, Нұресіл және Қажымұқан ауылдарын газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған жобаларды іске асыру 2027 жылға жоспарланған. Нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрғынды табиғи газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр.