Жетісу облысының Кербұлақ ауданында Каспан, Қайнарлы, Сайлыкөл, Көксай және Қарымсақ елді мекендеріне табиғи газ беру басталды. Бұл – ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған өңірді газдандыру бағдарламасын іске асырудың маңызды кезеңдерінің бірі.

Алғаш рет табиғи газға шамамен 2 мың тұрғын қол жеткізуде. 600-ден астам тұрғын үйді газға қосу мүмкіндігі қарастырылған. Тұрақты газбен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін 55 шақырым газ тарату желілері салынды, технологиялық жабдықтар орнатылды, бір блоктық газ реттеу пункті және он шкафтық газ реттеу пункті іске қосылды.
Жоба Кербұлақ ауданын кешенді газдандыру аясында жүзеге асырылуда және 25 елді мекенді қамтиды. Тапсырыс беруші – Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы.
«Бүгінгі іске қосу – өңірдің газ инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Каспан, Қайнарлы, Сайлыкөл, Көксай және Қарымсақ тұрғындары үшін бұл – неғұрлым қолайлы әрі экологиялық таза отынға көшу деген сөз. Сонымен қатар, газды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау әрдайым бірінші орында болуы тиіс», – деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жетісу өндірістік филиалының директоры Нұржан Тюмебаев.
Қазіргі таңда ауданда 8 елді мекен газдандырылып, шамамен 24 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Қалған ауылдарды қосу жұмыстары жалғасуда: бірқатар нысандар аяқталу сатысында және газ беруге дайындалуда.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ әлеуметтік жауапты компания ретінде және тұтынушылар қауіпсіздігін басым бағыттардың бірі ретінде қарастыра отырып, тұрмыстық газды пайдалану қағидаларын қатаң сақтаудың маңыздылығын тағы да еске салады. Газ иісі немесе оның шығу белгілері анықталған жағдайда, дереу 104 нөмірі бойынша авариялық-диспетчерлік қызметке хабарласу қажет. Газ жабдықтарын пайдалану талаптарын сақтау – апаттардың алдын алудың негізгі шарты.

Жобаны іске асыру тұрмыстық жайлылық деңгейін арттырып қана қоймай, қатты отынды пайдалануды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына және тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді.