Бүгінде Қарағанды облысында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Соның айқын дәлелі – Қарағанды қаласында 10 мыңыншы отбасының үйіне көгілдір отынның қосылуы. Осы маңызды оқиғаға орай «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Владислав Кисиков аталған отбасының шаңырағына арнайы барып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтады. Сонымен қатар, газ желісінің қауіпсіз пайдаланылуына қатысты талаптардың сақталуын тексеріп, тұрмыстық газды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте түсіндірді.
2 шілдедегі мәліметке сәйкес, көгілдір отынға қосылған тұтынушылар саны 10 мыңға (жеке тұрғын үй) жетті. Оның ішінде Қарағандыда – 5 607, Теміртауда – 2 375, Жезқазғанда 2 018 отбасы табиғи газды пайдаланып отыр. Ал, Қарағанды қаласындағы Қостанай көшесі, 11-үйдің тұрғыны Жангелді Қорабаев мерейтойлық 10 мыңыншы тұтынушы атанды. Ол бұл шаңыраққа үш жыл бұрын қоныстанған. Қостанай көшесіне табиғи газ биыл ғана жеткізілсе, үйіне көгілдір отынды маусым айында тартыпты. Үй иесінің айтуынша, бұған дейін баспанасын жылыту үшін көмір пайдаланған. Енді көгілдір отынның арқасында тұрмысы едәуір жеңілдеп, үйді жылыту мен күнделікті тіршіліктің қолайлы бола түскенін айтады.