You are currently viewing «QazaqGaz Aimaq» АҚ мобильді қосымшасын eGov Mobile арқылы қолдануға болады

«QazaqGaz Aimaq» АҚ мобильді қосымшасын eGov Mobile арқылы қолдануға болады

Табиғи газды тұтынушыларға маңызды жаңалық, енді «QazaqGaz Aimaq» АҚ мобильді қосымшасы eGov Mobile сервистерінде қолжетімді болып отыр. Бұл еліміздегі ең ірі газбен жабдықтаушы компанияның қызметті цифрландырудағы кезекті қадамы саналады.

Қосымшаны пайдаланушыларға газ есептегіштерінің көрсеткішін онлайн түрде өз бетінше жолдауға мүмкіндік беретін құралда деректердің дұрыстығын тексеруге жасанды интеллект автоматты түрде көмектеседі.  Жүйе есептегіштің фотосуретін енгізілген деректермен салыстырып, жіберілмей тұрып ықтимал сәйкессіздіктерді анықтайды. Бұл қолмен енгізу кезіндегі қателер мен жаңсақтықтардың алдын алып, пайдаланушыны қате есептеулерден қорғайды әрі бақылаушы маман тарапынан қосымша тексеру қажеттілігін жояды. Осылайша уақыт үнемделіп, нақты көрсеткіштер негізінде төлемді дәл жасауға мүмкіндік берілуде.

Ал «QazaqGaz Aimaq» АҚ мобильді қосымшасын электронды үкімет алаңында қолдану тәсілі келесідей:

– eGov Mobile мобильді қосымшасында авторизациядан өту;
– «Сервистер» бөліміне өтіп, «QazaqGaz Aimaq» сервисін таңдау;
– деректерді ұсынуға келісім беріп, пайдаланушы туралы көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру;
– жеке шот нөмірін енгізу, содан кейін жүйе оған тіркелген есептеу құралдарының тізімін көрсетеді;
– қажетті есептегіштің өзекті көрсеткіштерін енгізу;
– әрбір есептегіштің фотосуретін жүктеу – жасанды интеллект суретті енгізілген көрсеткіштермен салыстырады;
– «Көрсеткіштерді жіберу» батырмасын басу қажет.

Сервиске қосымшаның басты бетіндегі тақырыптық баннер арқылы да өтуге болады.

Көрсеткіштер әр айдың 25-інен келесі айдың 5-іне дейін қабылданады.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ мобильді қосымшасының eGov Mobile алаңындағы қолжетімділігі «QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес компаниясы «QazaqGaz Aimaq» АҚ мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, Энергетика министрлігі бірлескен жұмысының нәтижесінде іске асырылды.

Айта кетейік, «QazaqGaz Aimaq» мобильді қосымшасына 718 мың тұтынушы тіркелген. Сонымен қатар, ол арқылы ай сайын 282 мың табиғи газ көрсеткіші онлайн қабылдануда.