You are currently viewing «QazaqGaz Aimaq» АҚ табиғи газды қауіпсіз пайдалануға шақырды

«QazaqGaz Aimaq» АҚ табиғи газды қауіпсіз пайдалануға шақырды

Биылғы жылу маусымында апаттық-диспетчерлік қызметке оқыс оқиғалар жайлы қоңырау 6%-ға аз түскен. Дегенмен, тұрғындарға көгілдір отынды пайдалану барысында сақтық танытып, қауіпсіздік талаптарын ұмытпағаны қажет.

Бұл туралы, Наурыз мейрамы қарсаңында өткізілген баспасөз мәслихатында, құзырлы тараптар ескертті. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Өндірістік-техникалық департаментінің директоры Асқар Қонақбаев, 2025–2026 жылғы жылыту маусымындағы 32 мыңнан астам өтінімнің көп бөлігі тұрғын үйлердегі ішкі газ жүйелері мен жабдықтарына қатысты болғанын айтты.,

Соңғы жылдары тұрмыста газды пайдалану кезінде жиі кездескен жарылыс, газдан улану сынды жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жылу құралдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, мұржада ауа тартымының болмауы немесе бұзылуы, газ жабдықтарын өз бетінше орнату немесе ауыстыру және сапасыз немесе қолдан жасалған құралдарды пайдалану сынды жайттар болып отыр.

«Заң бойынша, газ жабдықтарының иелері олардың қауіпсіздігі мен техникалық жағдайына өздері жауапты және уақтылы қызмет көрсетуге тиіс. Ал газ таратушы ұйым тек сыртқы газ желілеріне (үйдің қақпасына дейін) жауап береді», — деп атап өтті Компания өкілі.

Бұл ретте, әкімдіктер газ-техникалық инспекциялар құру жұмысын жүргізуде. Тиісті қадам ішкі газ жабдықтарының қауіпсіздігін күшейтіп, жазатайым оқиғаларды азайтуға көмектеседі.

Азаматтардың қауіпсіздігін арттыру үшін халыққа түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр: БАҚ арқылы ақпарат беру, жадынамалар тарату, рейдтер ұйымдастыру. Сондай-ақ «112» нөмірі арқылы ескертулер жіберіледі.

Анықтамалық ақпарат: «QazaqGaz Aimaq» АҚ Қазақстанның 14 облысы мен 3 ірі қаласында 12 миллионнан астам адамды газбен қамтамасыз етеді. Компанияның басты мақсаты – табиғи газды халыққа үздіксіз әрі қауіпсіз жеткізу. Газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 77 мың км, оларды 5,6 мыңнан астам қызметкер тәулік бойы бақылап, қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етеді.