You are currently viewing QazaqGaz Aimaq: газ тарату желілерінің жылыту маусымына дайындығы 91%-ға жетті

QazaqGaz Aimaq: газ тарату желілерінің жылыту маусымына дайындығы 91%-ға жетті

«QazaqGaz Aimaq» АҚ алдағы 2026-2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге газ шаруашылықтарының нысандарын кешенді дайындау жұмысын жалғастыруда. Бүгінде газ тарату жүйелерінің жалпы дайындық деңгейі 91%-ды құрап отыр.

Жаңа жылыту маусымына дайындықты компания мамандары өткен күзгі-қысқы кезең аяқталғаннан кейін бірден бастады. Жаз бойы «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы – «QazaqGaz Aimaq» АҚ «Интергаз Орталық Азия» АҚ, коммуналдық қызметтермен, өңірлердің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларымен және ірі кәсіпорындармен бірлесіп, тұтынушыларды газбен сенімді, қауіпсіз және үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы жұмыс жүргізуде.

Жылыту кезеңіне дайындық аясында кешенді регламенттік іс-қимыл қолға алынды. Бүгінде газ реттеу қосындары бойынша:

  • ГРП және ГРПБ-ға ағымдағы жөндеу жұмысы 92%-ға орындалды;
  • ГРПШ және ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмысы 93%-ға орындалды;
  • электрхимиялық қорғау құралдарына ағымдағы жөндеу жұмысы 93%-ға орындалды;
  • газ құбырларына аспаппен тексеру жүргізу 96%-ға орындалды;
  • ажырату құрылғыларына техникалық қызмет көрсету 84%-ға орындалды.

Жыл сайынғы жоспарлы жұмыспен қатар, 2026 жылы «QazaqGaz Aimaq» газ қысымының төмендеу себептерін жоюға, сондай-ақ газ тарату желілерінде апаттар мен оқыс оқиғалардың туындау тәуекелін барынша азайтуға бағытталған қосымша іс-шараларды іске асыруды жалғастыруда.

Барлығы 227 қосымша іс-шара қарастырылған. Бүгінде оның 206-сы немесе 91%-ы орындалды. Атап айтқанда:

  • газ құбырларын сақиналау жұмыстары 93%-ға орындалды;
  • қосымша ШГРП орнату 90%-ға орындалды;
  • ШГРП-дағы қысым реттегіштерін ауыстыру 90%-ға орындалды;
  • газ құбырларының диаметрін ұлғайту жұмыстары 89%-ға орындалды.

Алдағы жылыту маусымына газ шаруашылығын дайындау жұмысына 6 306 өндірістік персонал қызметкері жұмылдырылды. Мамандар 77 мың км газ тарату желілерін, сондай-ақ оларда орналасқан газ шаруашылығы нысандары мен құрылымдарын дайындауды қамтамасыз етуде. Компанияның қызмет құзырында 287 360 ГРП, ПГБ және ШГРП бар.

Жүргізіліп жатқан іс-шаралар кешені қыс мезгіліндегі ең жоғары жүктеме кезеңінің өзінде тұтынушыларды тұрақты, үздіксіз әрі қауіпсіз газбен қамтамасыз етуге бағытталған.

Өндірістік жұмыстармен қатар, «QazaqGaz Aimaq» мамандары халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын да жалғастыруда. Күнделікті аралау барысында тұтынушыларға тұрмыста табиғи газды қауіпсіз пайдалану ережесі, қауіпсіздік талабын сақтау және газды ұтымды тұтыну қажеттілігі түсіндіріліп, тиісті ақпараттық жадынамалар таратылуда.