You are currently viewing Қосшы қаласы газға толығымен қосылды

Қосшы қаласы газға толығымен қосылды

Ақмола облысының ең жылдам дамып келе жатқан елді мекендерінің бірі – Қосшы қаласын газдандыру аяқталды. Жобаны өңір әкімдігімен бірлесе отырып, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорны «QazaqGaz Aimaq» АҚ жүзеге асырды.

Қаланы газдандыру жобасының екінші және үшінші кезеңдері іске қосылғаннан кейін қаланың барлық шағын аудандарының тұрғындары, сондай-ақ «Орман алқабы» тұрғын үй алабы мен Diamond Park тұрғын қалашығының тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. Барлық орталықтандырылған газбен жабдықтау кешендерінің іске қосылуының арқасында қаланың 72,5 мың тұрғыны (14,8 мың абонент)  экологиялық таза отынға қосылуға мүмкіндік алды.

Жобаның соңғы кезеңдерін іске асыру аясында 194 шақырым газ құбырлары мен 24 шкафтық газ реттеу пункттері пайдалануға берілді. Жалпы, қаланы газдандыру үшін 357 шақырымнан астам газ тарату желілері салынды, бір блокты және 44 шкафты газ реттеу пункті орнатылды. Бүгінгі таңда Қосшы қаласы бойынша 1 284 абонент «көгілдір отынға» қосылған, газдандыру көлемі 9% құрайды.

Қалаға табиғи газ берудің ресми рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Қосшыны газдандырудың алғашқы кешені 2025 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілген болатын. Ол кезде 163 шақырым газ құбыры салынды, 7 800 абонент газға қол жеткізген еді.

Қаланы газдандыру оның инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және табиғи газды пайдаланатын жаңа өндірістерді ашуға жағдай жасайды.

Қазіргі уақытта Ақмола облысының 24 елді мекені табиғи газға қосылған. 2027-2028 жылдары Аршалы және Целиноград аудандарының тағы 12 елді мекенін газдандыру жоспарлануда.